ақпарат ағыны

Шымкентте соғыс ардагерлеріне пәтер кілті табыс етілді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мұратәлі Төлепбергенұлы мен Нина Мосуноваға Мемлекет басшысының арнайы жолдаған Алғысын жеткізіп, пәтер кілттерін табыстады, деп хабарлады Jurtmedia.kz

Біз 9 мамырда бейбіт өмір мен тыныштықты қорғау жолында құрбан болып, майдан даласынан қайтпай қалған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Соғыс және тыл ардагерлеріне шексіз ризашылық білдіріп, айрықша құрмет көрсетеміз, делінген Президент құттықтауында.

 

Мегаполис басшысы аға буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатынын айрықша атап өтті.

Біз Жеңістің құндылылығын ешқашан ұмытпаймыз және бостандық үшін қаза тапқан батырлардың жарқын жадына тағзым етеміз. Сіздердің бойларыңыздағы ерлік пен ұлы рух, батылдық пен батырлық болашақ ұрпақ үшін табандылық пен патриотизмнің лайықты үлгісі болып табылады, деді Ғабит Сыздықбеков.

Ғасыр жасаған қарт майдангерлер шексіз ризашылықтарын білдіріп, шынайы алғысын жеткізді.

Шаһар тұрғындары да «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Айта кетейік, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тікелей ұсынысымен Жеңістің 79 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне көрсетілетін көмек көлемі 1 329 120 теңгеден 2 000 000 теңгеге дейін арттырылды. Сондай-ақ ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 166 140 теңге төленді. Бұған дейін олар 132 мың теңге алған.

Тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетілді. Өткен жылы оларға 41 400 теңге төленсе, биыл бұл сома 55 380 теңгеге ұлғайтылды.