Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссияның құрамын бекітті,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Президент «Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Комиссия мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың негізгі бағыттары мен тәсілдерін айқындау, сондай-ақ Қазақстандағы мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеуге қатысты жүйелі ұсыныстарды қарау мақсатында құрылды.
Комиссияның жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі белгіленді.Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері енгізілді.
Сонымен қатар комиссия отырыстарына мүдделі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ өзге де ұйымдардың өкілдері қатыса алады.
