Атырау облысында мемлекеттік органдардың жалған қызметтік куәліктерін дайындап, сатумен айналысқан заңсыз әрекетті анықтады деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық сараптамалық порталы
Полиция күдіктінің үйінен 800-ден астам жалған құжат пен оларды жасауға арналған жабдықтарды тәркілеген.
ІІМ мәліметінше, 23 қарашада полиция қызметкерлері Lexus 470 автокөлігін тоқтатқан. Көлік ішінде төрт ер адам болған. Тексеру кезінде сыртқы пішіні тапаншаға ұқсас зат пен ҰҚК қызметкерінің қызметтік куәлігі табылған. Кейін құжаттың жалған екені анықталды.
Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында жалған құжаттарды дайындады деген күдікпен Атырау облысының 39 жастағы тұрғыны анықталды. Оның үйін тінту кезінде түрлі мемлекеттік органдардың 803 жалған қызметтік куәлігі тәркіленді. 606 – ҰҚК, 95 – ІІМ, 47 – мемлекеттік кірістер органдары, 46 – прокуратура, 9 – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет куәлігі бар,-деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
Бұдан бөлек, ҰҚК-нің 367 эмблемасы, мөр, компьютерлік техника, принтер, қатқыл диск және жалған құжаттарды дайындауға пайдаланылған өзге де заттар табылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті жалған қызметтік куәліктерді сатумен айналысқан. Тоқтатылған көліктегі ер адамдардың бірі одан осындай құжатты сатып алғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта полиция заңсыз әрекеттің барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің ықтимал сыбайластарын және жалған куәліктерді сатып алған адамдарды іздестіріп жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.
