Қаруға қорытынды беру тәртібі өзгерді

Азаматтық және қызметтік қару-жараққа, сондай-ақ оған арналған патрондар мен қаруға конструкциялық жағынан ұқсас бұйымдарға криминалистикалық талаптарға сәйкестігі жөнінде қорытынды беру тәртібіне өзгерістер енгізілді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 19 қарашадағы бұйрығымен мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына тиісті түзетулер енгізілді. Жаңа тәртіпке сәйкес, мемлекеттік қызметті алу үшін заңды тұлға қызмет көрсетушінің кеңсесіне немесе электрондық үкімет порталы арқылы өтініш беріп, қажетті құжаттар мен сынақтан өткізуге арналған бұйымдарды ұсынуға тиіс.

Өтініште немесе құжаттарда қателер мен дәлсіздіктер анықталған, ұсынылған материалдар талаптарға сәйкес келмеген немесе құжаттар топтамасы толық болмаған жағдайда өтініштер цифрлық кезек парағы арқылы қабылданады.

Қателер анықталған кезде ұсынылған құжаттар, соның ішінде түпнұсқалар мен сынақ нысандары қызмет алушыға қайтарылады. Алайда өтініш пен құжаттар «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасы арқылы тапсырылған жағдай бұған кірмейді. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Мұны ұсыну мерзімі 13 жұмыс күні болып белгіленді.

Сонымен қатар анықталған кемшіліктерді түзету үшін қызмет алушыға екі жұмыс күні беріледі. Бұл уақыт мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне есептелмейді. Кемшіліктер белгіленген мерзімде жойылмаса, қызмет көрсетуші өтінішті қабылдаудан бас тартып, оның себептерін көрсетіп жауап жолдайды.

Егер сынақ барысында қару-жарақтың немесе оған конструкциялық жағынан ұқсас бұйымдардың криминалистикалық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталса, қызмет алушыға сәйкессіздік туралы қорытынды беріледі. Бұйрық 2026 жылғы 6 желтоқсаннан бастап күшіне енбек.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика