Алматыда өрттен бес адам қаза тапты

Алматы қаласының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған өрт салдарынан бес адам қаза тапты. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Бұл туралы 2026 жылғы 26 қарашада Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Полиция департаментінің хабарлауынша, қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, өрттің шығу себебі мен адам өліміне әкеп соққан жағдайлар анықталып жатыр.

Қайғылы оқиға 26 қарашаға қараған түні болған. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы «112» пультіне сағат 03:44-те хабарлама түскен.

Алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі шақырту түскеннен кейін төрт минут ішінде оқиға орнына жеткен. Мамандар келген кезде тұрғын үйді жалын шарпып, өрт ашық түрде қарқынды жанып жатқан. Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілді. Оқиға орнынан бес адамның, оның ішінде кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды.

Қазір құзырлы органдар өрттің шығу себептері мен қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика