Жетісу облысында 100-ге жуық елді мекенді табиғи газбен қамту үшін 37,4 млрд теңге бағытталады. Жоба нәтижесінде 183 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Қаражат «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында Инфрақұрылымды дамыту қорынан бөлінген. Қаржы Ақсу, Сарқан, Алакөл, Панфилов, Қаратал және Ескелді аудандарындағы газ құбырлары мен тарату желілерін салуға жұмсалады.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырымға жуық газ желісі тартылмақ. Соның ішінде «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырына 84 ауылды қосуға 27 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Сондай-ақ Алакөл ауданында 28 ауылға, Сарқан ауданында 19 елді мекенге, Ақсу ауданында 37 ауылға газ жеткізу жоспарланған. Бұл жұмыстар 2026 жылдың соңында басталып, 2028 жылы толық аяқталуға тиіс.
Бұдан бөлек, 10,3 млрд теңгеден астам қаражат 16 өтпелі нысанның құрылысын аяқтауға бөлінді. Жалпы ұзындығы 576 шақырым болатын бұл желілерді 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Нәтижесінде тағы 49,4 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады.
Қазір Жетісу облысындағы 115 елді мекен газдандырылған. Бұл-468,5 мың тұрғын немесе өңір халқының 67,4 пайызы. Жоспарланған нысандар толық іске қосылғаннан кейін газдандырылған елді мекендер саны 126-ға, ал газбен қамту деңгейі 74 пайызға жетеді деп күтіліп отыр.
