АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Франциско шығанағы аумағында су деңгейі күрт көтеріліп, жағалаудағы елді мекендерді су басты деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Сан-Франциско мен Аламеда қалаларында жоғары толқын салдарынан бірқатар аумақты су басқан.
АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметінің мәліметінше, 24 қарашада Сан-Францискодағы су деңгейі 1982 жылдан бергі қараша айындағы рекордты жаңартқан. Crissy Field маңындағы өлшеуіш 8,23 футты (шамамен 2,5 метр) көрсеткен. Ал 25 қарашада су деңгейі 8,5 футқа (2,6 метр) дейін жетуі мүмкін. Бұл қалыпты жоғары толқын деңгейінен шамамен 2,7 футқа жоғары.
Мамандардың айтуынша, су деңгейінің көтерілуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Олардың қатарында мұхит суының жылынуы, маусымдық аса жоғары толқындар және дауыл салдарынан пайда болатын су тасқыны бар. Жылы судың ұлғаюы да теңіз деңгейінің көтерілуіне ықпал етеді.
Ұлттық метеорологиялық қызмет Калифорния жағалауы мен Сан-Франциско шығанағы аумағында су тасқыны қаупі туралы ескерту жариялады. Болжам бойынша, алдағы күндері өңірде қатты жел соғып, биіктігі 6-9 метрге жететін қауіпті толқындар болуы мүмкін. Жауын-шашын да жағдайды күрделендіруі ықтимал.
Мамандар жағалауға жақын орналасқан төмен аумақтарды су басу, жолдардың жабылуы және жағалау эрозиясы қаупі бар екенін ескертті. Тұрғындарға су басқан жолдармен жүрмеуге және метеорологиялық қызметтің ескертулерін қадағалауға кеңес берілді.
