Дәмхана мен мейрамханаларда орындалған әндер бақылауға алынады

2027 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстандағы дәмхана, мейрамхана, караоке және басқа да қоғамдық тамақтану орындары QazCopyright цифрлық платформасына қосылады деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы

Алғашқы кезеңде жүйеге 500-ге жуық мекемені қосу жоспарланып отыр.

Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Жаңа жүйе мекемелерде қандай әннің қанша рет орындалғанын автоматты түрде тіркеп, авторлар мен орындаушыларға тиесілі сыйақыны есептеуге мүмкіндік береді. Ол үшін Shazam секілді музыканы танитын арнайы құрылғылар қолданылмақ.

Ұлттық зияткерлік меншік институты директоры Сәбит Ахметовтің айтуынша, мекемелер қызметінің ерекшелігіне қарай сегіз үлкен және 20 шағын санатқа бөлінеді. Сыйақы мөлшері осы санаттарға сәйкес анықталады.

Бұған дейін авторлық құқықты қорғау ұйымдарының өкілдері дәмхана мен мейрамханаларды аралап, орындалған әндерді қолмен тіркеп келген. Енді цифрлық жүйе бұл жұмысты жеңілдетеді,-деді ол.

Ал авторлар платформаға тіркеліп, шығарманың өзіне тиесілі екенін растауы және банк деректерін енгізуі қажет. Осы арқылы олар әндерінің қай жерде, қанша рет орындалғанын бақылап, тиісті қаламақысын ала алады.

Kazpatent мәліметінше, қазір QazCopyright платформасына 331 субъект тіркелген. Жүйеге енгізілген шығармалар саны 255 мыңнан асқан. Бұған дейін платформаға телеарналар, радиостанциялар, театрлар мен кинотеатрлар қосылған.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика