Қытай алғаш рет өз елінің азаматы емес ғарышкерді «Тяньгун» орбиталық стансасына аттандырды. «Шэньчжоу-24» кемесімен ғарышқа ұшқан үш экипаж мүшесінің бірі — Пәкістан азаматы Мұхаммед Зишан Әли,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
«Чанчжэн-2F» зымыран-тасығышы 25 қараша күні Астана уақытымен сағат 05:18-де Қытайдың солтүстік-батысындағы Цзюцюань ғарыш айлағынан сәтті ұшырылды. Оның бортындағы «Шэньчжоу-24» кемесі үш ғарышкерді «Тяньгун» орбиталық стансасына жеткізеді.
Экипаж құрамында Қытай азаматтары -51 жастағы Тан Хунбо мен 39 жастағы У И, сондай-ақ 40 жастағы Пәкістан азаматы Мұхаммед Зишан Әли бар. Осылайша, Әли ғарышқа ұшқан алғашқы пәкістандық әрі Қытайдың «Тяньгун» стансасына барған тұңғыш шетелдік ғарышкер атанды.
Қытай «Тяньгун» ұлттық орбиталық стансасының құрылысын 2021 жылы бастаған. Оның негізгі «Тяньхэ» модулі 2021 жылғы 29 сәуірде орбитаға шығарылса, стансаның негізгі конфигурациясын құрастыру 2022 жылғы 3 қарашада аяқталған.
Қазір станса негізгі «Тяньхэ» модулінен және оған жалғанған «Вэньтянь» мен «Мэнтянь» зертханалық модульдерінен тұрады. Үш бөліктің жалпы салмағы шамамен 69 тоннаны құрайды. Стансаның ішкі кеңістігі 110 текше метрге жуық. Мұнда қалыпты жағдайда үш ғарышкер, ал экипаж ауысқан кезде алты адамға дейін орналаса алады.
«Тяньгун» стансасының пайдалану мерзімі 15 жылға есептелген. Ал қызмет ету кезеңі 2038 жылға дейін жалғасады деп жоспарланған.
