Кітап оқу мәдениетін насихаттап, еліміздің әр өңіріндегі оқырмандарды біріктіріп келе жатқан Салтанат Әбдіғалидің «Кітаптар әлемі» жобасына биыл алты жыл толды,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Жобаның негізгі мақсаты – көркем әдебиетке қызығушылықты арттыру, кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру және ұлттық әдебиетті насихаттау. Бастама Мемлекет басшысы көтерген «Кітап оқитын ұлт» идеясымен де үндеседі.
Жоба аясында құрылған «Кітап жанашырлары» клубына еліміздің әр өңіріндегі кітапсүйер қауым қатысады. Олар шығармаларды бірге оқып, талқылайды, пікір алмасады және әдеби байқауларға қатысады.
Алты жыл ішінде «Бірге кітап оқиық», «Жарыса кітап оқиық», «Әсерлі әңгіме» сынды онлайн байқаулар ұйымдастырылған. Қатысушылар Абай, Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей, Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин және басқа да қаламгерлердің шығармаларын оқыған.
Биыл да бірқатар әдеби байқау өтіп, оқырмандар Мұхтар Мағауин, Ұларбек Дәлейұлы, Жүсіпбек Қорғасбек пен Оралхан Бөкейдің шығармашылығымен танысты. Қазір қатысушылар Жалғасқали Дүтмағанбетовтің «1812 жыл: Соғыс және бейбітшілік (қазақы нұсқа)» трилогиясын оқып жатыр.
Сонымен қатар жоба аясында әдеби викториналар, мәнерлеп оқу, мақал-мәтелдер сайысы мен пікірталастар өткізіледі. Осы уақытқа дейін демеушілер мен баспалардың қолдауымен белсенді оқырмандарға 600-ге жуық кітап сыйға тартылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба алдағы уақытта да ұлттық әдебиетті насихаттау және қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастырады.
