Жамбыл облысында жол жөндеу құнын артық есептегендігі анықталды

Жамбыл облысында Қордай асуындағы тасжолды жөндеу жұмыстарына арналған сметада құрылыс материалының құны негізсіз көтерілгені анықталды,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Соның салдарынан бюджет қаражаты 185,9 миллион теңгеге артық есептелген. Бұл заңбұзушылықты көлік прокуратурасы анықтады.

Жамбыл облысының көлік прокуратурасы Ташкент-Шымкент-Тараз-Алматы-Қорғас халықаралық автожолының Қордай асуындағы учаскесін жөндеуге бөлінген қаражаттың жұмсалуына тексеру жүргізген.

Тексеру барысында жол құрылысына қажетті геотордың  бір шаршы метрінің құны сметада 3 544 теңге деп көрсетілгені белгілі болды. Алайда нормативтік баға 2 579 теңгені құраған. Яғни құрылыс материалының әр шаршы метріне 965 теңге артық есептелген. Салдарынан жол жөндеу жұмыстарының жалпы құны 185,9 миллион теңгеге негізсіз ұлғайған.

Прокуратураның араласуынан кейін бюджетке қосылған құн салығын қоса есептегенде 191,3 миллион теңге қайтарылды. Қазір прокуратура өкілдері жол жөндеу жұмыстарының заңдылығы мен сапасына бақылауды жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, Жамбыл облысында биыл 400 шақырымнан астам автожолды жөндеу және жаңадан салу жоспарланған. Бұл мақсатқа 28 миллиард теңге қарастырылған.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика