Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Құрылтайдың жұмысы мен «Әділет» партиясының қызметі туралы Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай баяндады деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, депутаттар осы уақытқа дейін 18 заң қабылдап, тағы 38 заң жобасын қарастырып жатыр.
Қазіргі уақытта жаңа Азаматтық кодекс әзірленуде. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау бағытындағы заңнамалық бастамалар пысықталуда.
Сондай-ақ 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданған. Депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қосымша 47 миллиард теңге қарастырылған.
Кездесуде заңдардың орындалуын бақылау, e-Quryltai жүйесі мен жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері де сөз болды. Сессия басталғалы депутаттар әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 111 депутаттық сауал жолдаған.
Бұдан бөлек, «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауына 14 мыңнан астам өтініш түскені айтылды. Оның 8,3 мыңнан астамы оң шешімін тапқан. Партиялық бақылау барысында 300-ге жуық әлеуметтік инфрақұрылым нысаны тексеріліп, анықталған кемшіліктердің 80 пайызға жуығы жойылған.
Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 12 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілген.
Кездесу соңында Құрылтайдың заң шығару қызметі мен партия жұмысының алдағы басымдықтары талқыланды.
