Қазақстанда ұзындығы 400 шақырымға жуық «Қызылорда – Жезқазған» автожолын реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Соңғы 208 шақырымдық учаскеде көлік қозғалысы ашылды. Ұлытау облысындағы жаңартылған учаскені Премьер-министрдің орынбасары – көлік министрі Әсел Жанасова ашты. Жоба аясында 1,3 млн тонна асфальтбетон төселіп, төрт көпір, 78 су өткізу құбыры және мал айдап өтуге арналған 18 өткел салынған. Құрылыс жұмыстарына 1,2 мыңға жуық маман мен 800 техника жұмылдырылған.
Бұған дейін, өткен жылы, Қызылорда облысындағы 192 шақырым жолда көлік қозғалысы ашылған болатын. Осылайша, оңтүстік пен орталық өңірлерді байланыстыратын маңызды бағыт толық жаңартылды. Жолдың пайдалануға берілуі өңірлер арасындағы қатынасты жақсартып, жолаушылар мен жүк тасымалына қолайлы жағдай жасайды. Сондай-ақ жол жүру уақытын екі есеге қысқартуға мүмкіндік береді.
