Қазақстанда жыл басынан бері көлікпен дрифт жасаудың 411 дерегі тіркелді деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Оның 402-сі автокөлікке, 9-ы мотоциклге қатысты. Құқық бұзушылыққа қатысы бар барлық көліктер арнайы тұраққа қойылған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Дрифт жасаудың ең көп дерегі Алматы қаласында тіркелген. Мұнда 142 жағдай анықталған. Түркістан облысында – 45, Ақмола және Ақтөбе облыстарында 30 деректен тіркелді.
Сонымен қатар полиция қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу шараларын күшейткен. 13-18 қараша аралығында түнгі тыныштықты бұзудың 26 мыңнан астам дерегі анықталды.
Бұдан бөлек, қоғамдық орындарды бүлдіру, ғимараттарға заңсыз жазу жазу және граффити салу деректері де бақылауға алынған. Бір апта ішінде 3423 заңсыз граффити жазуы жойылып, құқық бұзушылықтарға қатысты 114 әкімшілік іс қозғалды. Оның 112-сі абаттандыру қағидаларын бұзуға, екеуі ғимараттарды ластауға қатысты.
Сондай-ақ волонтерлермен бірлесіп 5 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 8 мыңнан астам түсіндіру жұмысы ұйымдастырылды. Тұрғындарға 10 мыңнан астам ақпараттық брошюра таратылды.
