Жас музыканттар байқауының жеңімпаздары анықталды

Астанада камералық музыка орындаушыларының CHAMBER Music Fest республикалық байқауы қорытындыланды. Байқауда Құләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Гран-при мен бірінші орынды иеленді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

16-19 қараша аралығында өткен шығармашылық додаға еліміздің түрлі өңірінен академиялық музыка орындаушылары қатысты. Байқаудың басты мақсаты-ансамбльдік орындаушылық шеберлікті дамыту, талантты жас ұжымдарды анықтау және камералық музыка өнерін кеңінен насихаттау.

Ішекті аспаптар квартеті номинациясында Таннұр Ақбота, Нұрдана Оразова, Елжан Шекербек және Сұлтанбейбарыс Талғатбек  құрамындағы ансамбль үздік деп танылып, Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Ал осы квартетке пианист Махаббат Есімжанова қосылып, фортепианолық квинтет құрамында өнер көрсетті. Бес музыканттан құралған ансамбль камералық ансамбльдер номинациясында І орынға ие болды.

Айта кетейік, жеңімпаздардың барлығы-Құләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері. Олар бұған дейін де халықаралық және республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болған.

Байқаудың қазылар алқасына Қазақстанның белгілі альтшысы, Федор Мавриди атындағы ішекті аспаптар квартетінің мүшесі Нұрлан Сағымбаев төрағалық етті. Қазылар жас орындаушылардың ансамбльдік үйлесімін, дыбыс үндестігін, шығармаларды көркемдік тұрғыдан жеткізу шеберлігін және сахналық мәдениетін бағалады.

Шығармашылық дода 19 қарашада Қазақ ұлттық өнер университетінде өткен салтанатты марапаттау рәсімі мен лауреаттардың гала-концертімен түйінделді.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика