Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық емтиханды онлайн тапсыру қызметі іске қосылды деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Әзірге пилоттық жоба Астанада тұрақты тіркеуі бар азаматтарға қолжетімді. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәлімдеді.
Жаңа қызмет eGov Mobile қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» бөлімінде қолжетімді. Үміткер емтиханды үйден шықпай-ақ ноутбук немесе дербес компьютер арқылы тапсыра алады.
Онлайн емтиханға қатысу үшін:
- Астанада тұрақты тіркеуде болуы;
- бұрын жүргізуші куәлігін алмаған болуы;
- көлік басқару құқығынан айырылмаған болуы;
- автомектепті аяқтағаны туралы жарамды куәлігі болуы;
- медициналық анықтамасы болуы;
- диспансерлік есепте тұрмауы қажет.
Емтиханды қалай тапсырады?
Ол үшін eGov Mobile қосымшасына кіріп, «ХҚКО қызметтері» бөлімінен «Теориялық емтиханды онлайн тапсыру» қызметін таңдау керек. Одан кейін жүргізуші куәлігінің санатын көрсетіп, 1414 нөмірінен келген SMS арқылы дербес деректерді пайдалануға келісім беру және қызмет ақысын төлеу қажет.
Төлемнен кейін eGov жеке кабинетіне емтиханға арналған жеке сілтеме жіберіледі. Ол 30 күн бойы жарамды. Сілтемені тек өтінім берген азамат пайдалана алады.
Емтихан тәртібі қандай?
Теориялық тест 40 сұрақтан тұрады. Оны орындауға 40 минут беріледі. Емтихан күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі. Тестілеуді 19:20-дан кешіктірмей бастау қажет.
Емтиханнан өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру керек. Бір күнде бір рет тапсыруға болады. Қажетті балл жинай алмаған азамат келесі күні қайта тапсыра алады.
Тестілеу алдында түстерді ажырату қабілетін тексеретін тест өткізіледі. Нәтиже емтихан аяқталған бойда көрсетіледі.
Бақылау қалай жүргізіледі?
Емтихан кезінде ExamApp арнайы қосымшасы арқылы бейне және аудиобақылау, экранды жазу жүзеге асырылады. Үміткердің жеке басы фотосурет арқылы сәйкестендіріледі.
Сонымен қатар смартфонды екінші камера ретінде пайдалану міндетті. Ол үміткерден шамамен 1,3 метр қашықтықта орналасып, кадрға азаматтың өзі, жұмыс үстелі және компьютер экраны толық түсуі керек.
Жүйе тыйым салынған бағдарламалар мен қосымша құрылғыларды, VPN және Proxy сервистерін де тексереді. Барлық күмәнді әрекет тіркеліп, нәтижелерді уәкілетті мамандар қарайды.
Қандай құрылғы қажет?
Онлайн емтихан тапсыру үшін:
- Windows 7 және одан жоғары немесе macOS жүйесі орнатылған компьютер не ноутбук;
- жұмыс істейтін веб-камера мен микрофон;
- камерасы бар смартфон;
- тұрақты интернет байланысы;
- Google Chrome браузері қажет.
Емтиханды телефон, планшет немесе гибридті құрылғы арқылы тапсыруға болмайды.
Теориялық емтиханнан өткен азамат практикалық емтиханды әдеттегі тәртіппен тапсырады. Ол үшін «ХҚКО» қосымшасы арқылы жазылуға немесе мамандандырылған ХҚКО-ға жүгінуге болады.
Айта кетейік, онлайн емтихан тапсыру қызметі әзірге Астанада пилоттық режимде іске қосылды. ХҚКО-да дәстүрлі форматта емтихан тапсыру мүмкіндігі де сақталады.
