Қазақстанда 2029 жылдың соңына қарай мыс, алюминий және мырыш өңдеу көлемін екі есеге арттыру жоспарланып отыр. Ал қорғасын өңдеу көлемі 14 пайызға ұлғаяды. Бұл туралы Құрылтайдағы Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Министрдің айтуынша, негізгі міндеттердің бірі – отандық өндірісте шикізатты терең өңдеп, дайын өнім шығару көлемін арттыру.
Осы мақсатта 2021 жылдан бастап «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң аясында отандық өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етудің арнайы тетігі енгізілген. Оған сәйкес, ірі металлургиялық кәсіпорындар алдымен отандық өңдеушілерге шикізат ұсынуға, содан кейін ғана оны экспорттауға міндетті.
Қазір бұл тетік мыс, алюминий және мырышқа қолданылады. Аталған металдар отандық кәсіпорындарға нарықтық бағадан 5 пайызға дейін төмен бағамен сатылады.
Оның сөзінше, осы тетіктің арқасында Алматыда радиатор, Шымкентте профиль, Жетісу облысында заманауи аккумулятор, ал Саран қаласында металл бұйымдарын мырыштау өндірісі іске қосылған.
Бұдан бөлек, түсті металдар концентраттарын елімізде өңдеуді ынталандыру шаралары қолға алынған. Осы бағытта арнайы әдістеме бекітіліп, заңнамаға тиісті өзгерістер әзірленген. Бұл отандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын толық пайдалануға және жаңа жобаларды шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мәселен, 2030 жылға дейін Қарағанды және Абай облыстарында әрқайсысының қуаты 300 мың тонна болатын екі мыс өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, жаңа кәсіпорындар енгізілген тетік арқылы қажетті шикізатпен қамтамасыз етіледі.
