Неймар оралды: «Сантос» жеңіс жолына қайта түсті

Бразилиялық әйгілі футболшы Неймар дисквалификацияға байланысты екі матчқа қатыспағаннан кейін алаңға қайта оралып, «Сантос» клубының сырт алаңдағы жеңісіне куә болды. Команда Бразилия чемпионатының 35-туры аясында «Коритиба» клубын 1:0 есебімен жеңді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Бұған дейін «Сантос» Бразилия чемпионатындағы соңғы үш кездесуінде жеңіске жете алмаған еді. Ал Неймардың қатарға қосылуы команда үшін маңызды сәт болды. Кездесудегі жалғыз гол негізгі уақытқа қосылған екінші минутта соғылды. «Сантос» шабуылшысы Габриэл Барбоза қарсылас қақпасынан саңылау тауып, командасына жеңіс әкелді.

Айта кетейік, бұл Неймардың дисквалификацияға байланысты екі ойынды өткізіп алғаннан кейінгі алғашқы матчы болды.

Осы жеңістен кейін «Сантос» 50 ұпай жинап, Бразилия чемпионатының турнирлік кестесінде сегізінші орынға көтерілді. Команда маусым қорытындысында үздік бестікке ену мүмкіндігін сақтап отыр. Чемпионаттың аяқталуына небәрі үш тур қалды.

«Сантос» келесі кездесуін 24 қарашада өз алаңында «Гремио» клубына қарсы өткізеді.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика