Шымкент қаласында жанармай тасымалдайтын көлік жол апатынан кейін өртеніп, жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Қайғылы жағдай 18 қарашада Тұран ауданындағы Ташкент тасжолында болған, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сағат 15:58-де 112 қызметіне жанармай тасымалдайтын көліктің өртенгені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар жол-көлік оқиғасы салдарынан аударылған көліктің толығымен отқа оранғанын анықтаған. Сонымен қатар жолға төгілген жанармай да тұтанған.
ТЖД қызметкерлері өртті 60 шаршы метр аумақта сөндірді. Көлік кабинасынан ер адамның мәйіті табылды.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр.
