Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, халықаралық кездесу барысында Каспий теңізі деңгейінің төмендеуінің солтүстік-шығыс жағалауға, жергілікті халықтың әл-ауқатына және өңірдің тұрақты дамуына тигізетін әсері талқыланды.
Еліміз климаттық өзгерістердің қарқынына алаңдаушылық білдірді. Өңірдегі орташа жылдық температураның өсу қарқыны әлемдік көрсеткіштен 2,5 еседен астам жоғары екені атап өтілді.
Кездесу барысында Қазақстан Каспий теңізі деңгейінің төмендеу мәселесі жөніндегі үкіметаралық комиссия құру бастамасын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Каспийдің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны қолдады.
Сондай-ақ 2026–2036 жылдарға арналған Каспий теңізі деңгейінің ауытқуына қатысты іс-қимыл жоспарын әзірлеу, бірлескен мониторинг пен болжау жүйесін жетілдіру және жағалау аумақтарын климаттық өзгерістерге бейімдеу қажеттігі айтылды.
Бұдан бөлек, Қазақстан COP31 конференциясында Каспий өңіріне арналған өңірлік инвестициялық бағдарламаны таныстырды. Мұндай мақсат — экологиялық және бейімдеу жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсету. Сонымен қатар халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарын тарту үшін «Каспий теңізінің достары» платформасын дамытуды ұсынды.
Қазақстан Каспий маңының бес мемлекеті Тегеран конвенциясы аясындағы ынтымақтастықты күшейтіп, теңізді сақтауға бағытталған нақты әрі нәтижелі шараларды бірлесіп жүзеге асыруы қажет екенін атап өтті.
