Путин Қытайға барды: Си Цзиньпинмен не талқылады?

Шэньчжэнь қаласында Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин екіжақты келіссөз өткізді деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы

Кездесу 33-ші Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) ұйымының саммиті аясында өтті.

Ресей президенті Қытайға екі күндік жұмыс сапарымен барған. Ол 18–19 қараша күндері өтетін АТЭС-тің экономикалық көшбасшыларының кездесуіне қатысады.

Келіссөздің ашық бөлігінде Си Цзиньпин Қытай мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты ірі державалар арасындағы жаңа үлгідегі қатынастардың мысалы ретінде атап өтті.

Оның айтуынша, екі елдің ынтымақтастығы халықаралық жағдайдағы түрлі өзгерістерге қарамастан тұрақтылығын сақтап келеді. Қытай басшысы екіжақты байланысты тауға теңеп, оның берік екенін жеткізді.

Кездесуде Владимир Путин екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, Мәскеу мен Бейжің сыртқы саясаттағы тұрақты байланыстарды сақтап, әділетті көпполярлы әлемдік тәртіп қалыптастыруға ұмтылып отыр.

Келіссөзде қандай мәселелер талқыланды?

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың мәліметінше, келіссөздердің кеңейтілген құрамдағы бөлігінде тараптар мына бағыттарды талқылауды жоспарлаған:

  • энергетика саласындағы ынтымақтастық;
  • қаржы-экономикалық байланыстар;
  • жоғары технологиялар;
  • жасанды интеллект саласындағы өзара іс-қимыл.

Ал шағын құрамдағы кездесуде халықаралық саясат мәселелері, соның ішінде Украинадағы жағдай мен Корей түбегіндегі ахуал қарастырылған.

Келіссөз екі сағаттан астам уақытқа созылды

Әзербайжанның APA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Си Цзиньпин мен Владимир Путиннің кездесуі екі сағаттан астам уақытқа созылған. Келіссөз шектеулі және кеңейтілген құрамда өткен.

Трамппен үшжақты кездесу жоспарланған

Айта кетейік, 19 қарашада Шэньчжэнь қаласында Қытай, Ресей және АҚШ басшылары Си Цзиньпин, Владимир Путин және Дональд Трамптың үшжақты кездесуі жоспарланған.

Кездесуде халықаралық қауіпсіздік, Украинадағы соғыс, Ирандағы жағдай, ядролық қаруды бақылау және ірі державалар арасындағы қарым-қатынас мәселелері талқылануы мүмкін.

Бұл кездесу әлемдік саяси ахуал тұрғысынан ерекше маңызға ие. Себебі үш ірі державаның басшылары халықаралық қауіпсіздік пен геосаяси мәселелер бойынша ортақ ұстанымдарды талқыламақ.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика