Алматы қаласының әкімдігі қоғамдық көліктердің жасыл түстен қызыл түске ауыстырылу себебін түсіндірді. Сондай-ақ қаладағы қалған автобустардың да қайта боялатыны-боялмайтынына қатысты мәлімдеме жасады,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, жаңа түс қоғамдық көліктің сыртқы келбетін жаңартып, жолаушылар үшін тартымдылығын арттыру мақсатында таңдалған. Қызыл түс энергияны, дамуды және алға ұмтылысты білдіреді. Сонымен қатар ол қала көшелерінде жақсы көрініп, автобустардың танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазір қызыл түсті 60 автобус бес бағытта — №51, 87, 134, 140 және 247 бағыттарында сынақтан өтіп жатыр. Ал қолданыстағы жасыл автобустарды қайта бояу жоспарланбаған.
Әкімдік жаңа түс үлгісін енгізу жөніндегі түпкілікті шешімнің әлі қабылданбағанын атап өтті. Егер жаңа стандарт бекітілсе, бұл туралы қосымша ақпарат жарияланады.
