Алматыда діни экстремизмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Тергеу мәліметінше, ол 2024-2025 жылдары жақтастарынан 60 млн теңгеден астам қаражат алған.
ІІМ мәліметінше, күдікті 2024 жылдан бері Қазақстаннан тыс жерде жүріп, радикалды идеяларды таратқан. Ол Telegram желісіндегі жабық топтарды басқарып, онлайн дәрістер өткізген және жақтастарына идеологиялық ықпал еткен.
Бұған дейін оның бірқатар аудиодәрісі сот шешімімен терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бар экстремистік материалдар деп танылған.
11 қарашада жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті Алматыда ұсталды. Сонымен қатар Алматы қаласы мен Жамбыл облысында тергеу әрекеттері жүргізілді. Тінту кезінде экстремистік идеология белгілері бар діни әдебиеттер мен қолжазбалар тәркіленді.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция оның ықтимал сыбайластары мен өзге де қатысы бар адамдарды анықтап жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін сәуір-мамыр айларында терроризм мен экстремизм үшін 13 адамның сотталғаны хабарланған болатын. Сондай-ақ Атырау облысында экстремизмге күдікті 10 адам ұсталған еді.
