Алматыда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап төмен шығарындылар аймағы (LEZ) аясында көмір сатуға тыйым салынуы мүмкін деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Осыған байланысты қаладағы көмір базаларын Алматы облысына көшіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында көмір базаларын қала сыртына көшіру мәселесі қаралды.
Жоспарға сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін Алматыдағы көмір базаларына теміржол арқылы отын жеткізу тоқтатылуы тиіс.
Алайда кейбір нысандарда көмірді түсіру және сату әлі де жалғасып жатқаны айтылды. Қазір қаладағы көмір базаларында шамамен 24 мың тонна отын бар. Оның 95 пайызы кірпіш зауыттарына арналған ұсақ фракциялы көмір.
Көмір базаларын жалға алу шарттарын бұзу жұмыстары 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталмақ.
Сонымен қатар қаладағы шағын және орта бизнес нысандарын қатты отыннан газға көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Eco Almaty» мәліметінше, газға қосылуы тиіс 2 395 нысанның 1 879-ы көгілдір отынға көшкен. Қалған 516 нысан әлі де қатты отын пайдаланады.
Ал жеке тұрғын үйлерді газдандыру деңгейі 99,6 пайызға жеткен. Бұл – үйлердің табиғи газға техникалық тұрғыдан қосылу мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.
