Астанада WADA Құрылтайшылар кеңесінің отырысы өтті

Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Құрылтайшылар кеңесінің отырысы өтті деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы

Жиынға агенттік президенті Витольд Банька, бас директоры Оливер Неггли, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері мен 50-ден астам елдің делегаттары қатысты.

Кездесуде Дүниежүзілік допингке қарсы кодексті іске асыру, таза спортты қорғау, допингке қарсы білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Жиында сөз сөйлеген Ербол Мырзабосынов Қазақстанның таза спорт қағидаттарын қолдайтынын және ұлттық допингке қарсы жүйені жетілдіруге басымдық беретінін атап өтті.

Министрдің айтуынша, елімізде халықаралық талаптарды енгізу, допингтің алдын алу және жас спортшылар арасында допингке қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ ол Астанадағы кездесу халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және спортшылардың құқығын қорғауға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастық 2025 жылғы қазанда агенттік президенті Витольд Баньканың Қазақстанға сапарынан кейін жандана түсті. Биыл Ербол Мырзабосынов пен Витольд Банька допингке қарсы білім беру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, ғылыми зерттеулер мен тәжірибе алмасу бағыттарын қамтитын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

WADA Құрылтайшылар кеңесі – агенттіктің жоғары басқарушы органы. Ол допингке қарсы күрес саласындағы халықаралық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика