Ауылдарда спорт секцияларын көбейту, балалардың спорттық қабілетін анықтау, алғашқы әскери дайындық сабақтарын жаңғырту және балалар арасындағы семіздіктің алдын алу мәселелері Қазақстан Халық Кеңесінің салалық комиссиясының отырысында талқыланды деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Жиынға Марат Әзілханов пен Олимпиада жүлдегері Ислам Байрамуков төрағалық етті. Басқосуға белгілі спортшылар, дәрігерлер, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Отырыс барысында өңірлерде бұқаралық және балалар спортын дамыту, спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру және білікті жаттықтырушылар тапшылығын шешу мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ дарынды балаларды анықтау үшін мектеп лигаларын дамытып, «Ел қуаты» бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу ұсынылды. Жоба аясында спортқа бейімі бар балалардың дерекқорын құру, жергілікті инфрақұрылымды дамыту және чемпиондардың шеберлік сабақтарын өткізу көзделген.
Бұдан бөлек, мектеп бағдарламасына бокс пен дзюдо элементтерін енгізу, жаттығу және ғылыми базаны күшейту бастамалары айтылды. Қатысушылар жастарды әскерге шақыру алдындағы даярлау тәсілдерін жаңартып, алғашқы әскери дайындық бағдарламасын заманауи талаптарға сәйкестендіру қажеттігін де атап өтті.
Тағы бір маңызды бағыт – оқушылардың денсаулығын нығайту, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және балалар арасындағы семіздіктің алдын алу.
Отырыс қорытындысы бойынша ұсыныстарды салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтап, тиісті министрліктерге жолдау туралы шешім қабылданды.
