Қазақстан даласында дүниеге келген Керқұлан жылқысының екі құлыны Ботай мен Тұмар ширап, бойлары өсіп келеді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлім етті,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Мамандардың мәліметінше, тамыз айында «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы «Әліби» реинтродукция орталығында туған құлындар айналаны танып, бір-бірімен ойнап, жүгіріп, секіріп жүр.
Әзірге олардың негізгі қорегі-енесінің сүті. Дегенмен құлындар шөп жеп көруге де көшіп, ересек жылқылардың мінез-құлқын біртіндеп үйреніп келеді. Ботай-Тесса есімді биенің, ал Тұмар-Умбраның төлі. Қос құлын да енелерінің және үйірдегі өзге жылқылардың жанында өсіп жатыр. Мамандардың айтуынша, алда құлындарды алғашқы үлкен сынақ-қыс мезгілі күтіп тұр. Сондықтан олардың денсаулығы, дене дамуы мен мінез-құлқы тұрақты бақылауда болады.
