Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында көз жұмған бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртайдың туыстары қайғылы оқиғаға қатысты тың мәліметтерді жария етті,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Олардың айтуынша, марқұм бұған дейін жоғары курс студенттері тарапынан қысым көріп жүргенін айтқан. Дауыл Бәкіртай — Шымкент қаласының тумасы. Ол ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде бірінші курста білім алған. Отбасындағы бес баланың төртіншісі болыпты.
Марқұмның бөле әпкесі Ұлдана Егізбайдың сөзінше, отбасы қаралы хабарды 16 қарашаға қараған түні естіген. Туыстары бірден университет жатақханасына барғанымен, оқиғаның нақты мән-жайын біле алмаған.Туысының айтуынша, екінші курс студенттері бірінші курстың екі студентін бөлмеге шақырып, күш қолданған. Оның сөзінше, Дауылды алдымен электрлі шокермен ұрып құлатып, кейін соққыға жыққан. Бұл мәліметтерді отбасы полиция бөлімінде естігенін жеткізген.
Ұлдана Егізбай қайғылы жағдайдан екі күн бұрын Дауылмен кездескенін де айтты. Сол кезде студент жатақханада жоғары курс студенттері тарапынан бірінші курс студенттеріне қойылатын талаптар туралы әңгімелеген. Туысының сөзінше, төменгі курс студенттері жоғары курс студенттерімен арнайы тәртіппен амандасып, олардың тапсырмаларын орындауға мәжбүр болған.
Сондай-ақ марқұмның жақындары мәйітхана мамандары жүрек тұсында бірнеше соққы ізі болғанын айтқанын жеткізді. Олардың қолында бұл жөнінде медициналық құжаттар бар екені де мәлімделді.Туыстарының айтуынша, бастапқыда университет өкілдері оқиға кезінде студенттер арасында төбелес болмағанын айтқан. Ал факультет деканы Дауылдың басқа бөлмеде жүргенде жүрегі ұстап, құлап қалғанын жеткізген көрінеді.
Қазір оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталған. Алматы қалалық Полиция департаменті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Оқиғаның барлық мән-жайы құқық қорғау органдарының тексеруінен кейін анықталмақ.
