Семейдің «Елімай» футбол клубының бас бапкері болып 43 жастағы шотландиялық Питер Левен тағайындалды. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Бұған дейін ол Шотландияның «Абердин» клубының жаттықтырушылар құрамында жұмыс істеп, 2025 жылы командамен бірге ел кубогын жеңіп алған. Сондай-ақ Ресейдің «Оренбург» клубында Марцел Личканың көмекшісі болған.Левен Беларусьтің Брест қаласындағы «Динамо» клубының құрылымында еңбек еткен кезеңде команда ел кубогын, чемпионатты және екі рет Суперкубокты иеленген.
Ол-«Рейнджерс» академиясының түлегі. Ойыншы ретінде 300-ден астам матч өткізіп, Шотландияның «Килмарнок», Англияның «Милтон-Кинс Донс» клубтарында өнер көрсеткен.
Еске салайық, бұған дейін «Елімай» командасынан Андрей Карпович кеткен болатын. Маусымның соңғы турында бас бапкер міндетін Серікбек Қаппаров атқарды. ҚПЛ-2026 қорытындысында семейлік клуб 30 матчта 45 ұпай жинап, алтыншы орынға тұрақтады.
