Алматыда өрт сөндіру көлігі мен Toyota Camry автокөлігі соқтығысып, жеңіл көліктің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Жол апаты Әуезов пен Тимирязев көшелерінің қиылысында, «Атакент» маңында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, шақыртуға бара жатқан өрт сөндіру көлігі қызыл бағдаршамға өтіп, қиылысқа кірген. Сол сәтте жасыл түске өтіп бара жатқан Toyota Camry көлігімен соқтығысқан.
Соққыдан екі көлік те жолдан шығып, бағдаршамды қиратып, арық маңына тоқтаған. Toyota Camry қатты зақымданып, жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Құтқарушылар оның денесін көліктен арнайы құралдардың көмегімен шығарған.
Қазір полиция қызметкерлері жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.
