Оқу-ағарту министрлігі арнайы педагогтердің қосымша ақысын арттыру және сынып жетекшілеріне төленетін үстемеақы мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Министрдің айтуынша, психологиялық-педагогикалық қолдау мамандарының қосымша ақысына қатысты мәселе шешіліп, бүгінде төлем көлемі шамамен 60 мың теңгені құрайды.
Енді арнайы педагогтердің қосымша ақысын арттыру мәселесін депутаттармен бірлесіп, заңнамалық деңгейде қарастырып жатырмыз. Келесі кезекте сынып жетекшілеріне қосымша ақы төлеу мәселесін пысықтаймыз – деді министр.
Оның сөзінше, сынып жетекшілерінің жүктемесі мен жұмыс көлеміне талдау жүргізіліп жатыр. Қосымша төлемнің мөлшері мен оны енгізу тетігі әзірге нақтыланбаған. Мәселені шешу бюджет мүмкіндігіне де байланысты.
