Балабақша тәрбиешілері балаларға қатысты 36 зорлық-зомбылық дерегіне қатысы бар. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Елімізде 2024–2026 жылдары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балаларға қатысты 42 резонанстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Оның 37-сі жекеменшік балабақшаларда болған. Ал 36 жағдайда зорлық-зомбылықты тәрбиешілер жасаған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайдағы үкімет сағатында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, биыл маусымда мемлекеттік органдар бірлесіп, мұндай жағдайларға әрекет ету және ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін бекіткен.
Сонымен қатар балалардың құқықтарының бұзылуына дер кезінде шара қолданбағаны үшін 71 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған. Ал тиісті міндеттерін орындамаған 135 балабақша басшысына әкімшілік жаза қолданылған.
Жұлдыз Сүлейменова алдағы уақытта тәрбиешілердің психологиялық даярлығын күшейтіп, кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
