Ақтөбеде дәмханада болған газ-ауа қоспасының жарылысынан екі адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайы тұрақты екенін, өмірлеріне қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы Ақтөбе қаласының Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға 13 қарашада сағат 10:28-де Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған. Жедел жәрдемнің екі бригадасы бір минут ішінде оқиға орнына жетіп, зардап шеккендерді №1 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізген.
Аурухананың бас дәрігері Қадырбек Иманбаевтың айтуынша, зардап шеккендердің жағдайы тұрақты.
Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде, – деді ол.
Жарылыс салдарынан дәмханаға жапсарлас құрылыс бөлігі опырылып, өрт шыққан. Сондай-ақ тұрғын үйдің терезелері зақымданған. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өртті сағат 10:53-те толық сөндірді. Оқиға орнына 45 қызметкер мен 10 техника жұмылдырылды.
Оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ. Қазіргі уақытта жарылыстың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
