700-ден аса отандасымыз әлеуметтік төлемдерден бас тартты

Елімізде әлеуметтік төлемдерден 729 адам өз еркімен бас тартқан,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық сараптамалық порталы.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, цифрлық сервис 2026 жылғы қазанда іске қосылған. Ол азаматтарға өздеріне тағайындалған әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың жекелеген түрлерінен электронды түрде бас тартуға мүмкіндік береді.

Қызметті мемлекеттік органдарға бармай-ақ, eGov Mobile мобильді қосымшасы мен eGov.kz порталы арқылы пайдалануға болады.

Министрлік әлеуметтік қолдаудан бас тарту азаматтар үшін міндетті талап емес екенін еске салды. Бұл – адамның материалдық жағдайын ескере отырып, өз еркімен қабылдайтын шешімі. Негізінен, өзін және отбасын дербес қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтарға арналған.

Егер кейін азаматтың тұрмыстық жағдайы өзгерсе, мемлекеттік көмекті қайта тағайындау жөнінде өтініш беруге құқығы бар. Мұндай өтініштер заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.

Сондай-ақ министрлік 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақының 36 түрінің 12-сі бойынша көмек көрсету тәртібі өзгеретінін хабарлады. Жаңа тәсілде атаулылық қағидатына басымдық беріліп, мемлекеттік қолдау бірінші кезекте мұқтаж азаматтарға көрсетіледі.

Ведомство азаматтарды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырды. Әлеуметтік төлемдерден бас тарту туралы өтініш тек eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы қабылданады.

Айта кетейік, бұған дейін отбасының цифрлық картасының жұмыс істеу тәртібі мен ондағы C, D және E санаттарының мәні туралы хабарланған болатын.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика