Елдегі тәуелсіз сарапшылар кеңесі «саяси тұтқындар» тізіміне тағы үш адамды енгізді. Осылайша, бас бостандығынан айырылғандар саны 35 адамға жетті. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Мұндай ақпаратты Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросы мәлімдеген. Жаңартылған тізімге Алматыдан бұрынғы православ дін қызметкері Иаков Воронцов, Қызылордадан «Атажұрт» бастамасының белсендісі Гүлназ Серікбаева және Семей қаласының белсендісі әрі суретшісі Нұржан Сембаев енгізілген.
Ақпарат көздеріне сүйенсек, Иаков Воронцов 4 жылға, Гүлназ Серікбаева 3 жылға, ал Нұржан Сембаев 6 жылға бас бостандығынан айырылған.
Тізімді 6 қоғамдық ұйымның 7 құқық қорғаушысы қатысқан тәуелсіз сарапшылар кеңесі жасақтаған.
Айта кетейік, Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар мен саяси қудалау бар екенін мойындамайды. Ал құқық қорғау ұйымдары мұндай тізімді өз бетінше жүргізеді.
