Еңбек министрлігі еліміздегі әл-ауқатты бағалау калькуляторының жұмысын түсіндірді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Аемлекеттен жәрдемақы алушылар отбасының әл-ауқатына алдын ала баға беретін арнайы калькулятор арқылы өз жағдайын үйден шықпай-ақ тексере алады. Бұл қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді.
Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, қызмет түрі тек мемлекеттік жәрдемақы алушыларға арналған. Қызмет қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Сонымен қатар оны бірнеше рет пайдалануға болады. Мәселен, енгізілген мәліметтерді тексеріп, есептеуді қайта жүргізуге мүмкіндік бар. Мамандардың түсіндіруінше, жүйеге авторизациядан өткеннен кейін кейбір ақпарат мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде жүктеледі. Олардың қатарында пайдаланушының жынысы мен жасы, атына тіркелген жеңіл және коммерциялық көліктер, ауыл шаруашылығы техникасы, жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және кәсіпкерлікке қатысуы туралы мәліметтер бар.
Министрлік өкілдері бұл ақпаратты қайта енгізудің қажеті жоқ екенін, тек оның өзектілігін тексеру жеткілікті екенін мәлімдеді. Ал отбасы мүшелерінің құрамы, олардың жұмыспен қамтылуы, мүгедектігі немесе созылмалы ауруларының болуы, несиелері мен мүлкі туралы мәліметтерді азаматтың өзі енгізуі қажет.
Бұл ретте тұрғын үйлер, автокөліктер мен жер учаскелері отбасының әр мүшесіне жеке көрсетіледі. Ал отбасының сыйақылар мен үстемеақыларды қоса алғандағы орташа айлық табысы бір жалпы сомамен енгізіледі.
Министрлік калькулятор нәтижесінің енгізілген мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығына тікелей байланысты екенін ескертеді. Егер отбасы мүшелерінің бірі көрсетілмесе немесе табыс пен мүлік туралы ақпарат ұмыт қалса, алдын ала есептеу нәтижесі нақты болмауы мүмкін. Сондықтан есептеуді бастамас бұрын отбасы құрамы мен барлық енгізілген деректерді мұқият тексеру қажет.
Айта кетейік, калькулятор отбасының әл-ауқатына алдын ала баға беруге арналған. Оның нәтижесін жәрдемақыны автоматты түрде тоқтату туралы шешіммен теңестіруге болмайды.
