Бюджеттен 9 млрд теңге жұмсалған QazVac-ты ДДСҰ тіркемеді

Қазақстанда вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігін тексеретін жаңа зертханалық кешен салу жоспарланып отыр,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау көзделген.

Қазақстан не себепті отандық QazVac вакцинасын тіркемейді және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) оған қандай талаптар қойған? Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкіметтегі брифингте жауап берді.

Министрдің айтуынша, зертханалық мүмкіндіктердің үшінші деңгейі вакциналарды тіркеуге мүмкіндік береді. Алайда ДДҰ сарапшыларының бағалауына сәйкес, төртінші деңгейге жету үшін Қазақстанға жаңа зертханалық кешен қажет. Ол елде өндірілетін және шетелден жеткізілетін барлық вакциналарға сараптама жүргізуге мүмкіндік береді.

Ақмарал Әлназарованың сөзінше, Премьер-министр бұл мәселені пысықтауды тапсырған. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі тиісті жобамен айналысып жатыр.

QazVac вакцинасын тіркеудің қажеттілігі болмағандықтан тіркелмеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан 2023–2024 жылдары оны тіркеуге қатысты қосымша талаптар қойылды. Алайда қазіргі уақытта бұл мәселенің өзектілігі жойылды, – деді министр.

Министр ұйымның нақты қандай талаптар қойғанын түсіндірмеді.

Сонымен қатар ведомство Қазақстанда өндірілетін вакциналарды халықаралық деңгейде мойындату және зертханалық мүмкіндіктерді төртінші деңгейге жеткізу жұмыстарын аяқтауға жақын.

Министрдің мәліметінше, зертханалық кешеннің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу сәуір айында толық аяқталмақ. Құрылысқа арналған жер учаскесі де бөлінген. Жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін 2027 жылы зертхана құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, отандық QazVac вакцинасын әзірлеуге 2 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ал вакцинаны өндіретін зауыттың құрылысына шамамен 7 миллиард теңге кеткен.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика