Балалардың жаппай улануынан кейін Алматыдағы РФМШ директоры қызметінен кетті

Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебінің Алматы филиалына жаңа директор тағайындалды,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Бұл қызметке математика мамандығы бойынша PhD докторы Алмаз Мұхамбетұлы Күнғожин келді. Ол бұған дейін де аталған білім ордасында қызметте болған.

Алмаз Күнғожин әр жылдары РФММ-де мұғалім, математика пәнінен олимпиадаға дайындау бойынша жаттықтырушы, директордың бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2018–2023 жылдары мектеп директоры болды. Ал 2023 жылдың қыркүйегінен бастап «РФМШ» КеАҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Ал Мейірбек Мейірлан Едігерұлы директор қызметіндегі жұмысын аяқтады.

Еске салайық, биыл қазан айында Республикалық физика-математика мектебінің Алматы филиалында оқушылар жаппай сырқаттанып, медициналық көмекке жүгінген болатын. 12–14 қазан аралығында жедел ішек инфекциясының белгілерімен 58 оқушы ауруханаға жатқызылды. Кейін олардың барлығы емделіп, стационардан шығарылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мектептің тамақтану блогын тексеру кезінде азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғаны анықталған. Тамақтану қызметін «Master Food» ЖШС жүзеге асырған.

Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалды. Оқушылардың жаппай сырқаттану себептерін анықтау бойынша тергеу және санитариялық-эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жалғасуда.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика