Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Network School жобасының негізін қалаушы Баладжи Шринивасанмен кездесті. Кездесуде еліміздің технологиялық әлеуетін арттыру, цифрлық экономиканы дамыту және инновациялық бастамаларды қолдау мәселелері сөз болды, — деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы Ақорданың Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Network School жобасының Қазақстандағы технологиялық экожүйенің қалыптасуына қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға Қазақстанның мүдделі екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде технологияны терең меңгерген жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Осы мақсатта білім беру, ғылым және цифрлық құзыреттерді дамыту бағыттарына инвестиция салу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр
Президент әңгіме барысында өзінің жуырдағы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама келешек ұрпаққа маңызды әрі ауқымды мұра қалдыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама шеңберінде мектептер, жоғары оқу орындары мен медициналық мекемелерді қоса алғанда, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған.
Мемлекет басшысы Астанада Network School Kazakhstan желісінің іске қосылуын құптады. Сонымен қатар жобаның Қазақстан университеттерімен, стартаптарымен және технологиялық компанияларымен серіктестік байланыстарын кеңейту жөніндегі жоспарын қолдады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Баладжи Шринивасанға Astana AI Film фестиваліне инвестициялық қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Network School негізін қалаушы Қазақстанда заманауи технологиялық шешімдер мен экономиканың дәстүрлі салаларының өзара үйлесімді дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Network School Kazakhstan жобасының негізгі бағыттары мен алдағы жоспарларын таныстырды.
Жоба аясында цифрлық шешімдерді ілгерілету, адами капиталды дамыту және инновациялық әзірлемелерді тәжірибеге енгізуге қолайлы жағдай қалыптастыру көзделген.
Аталған кездесу Қазақстанның халықаралық технологиялық әріптестікті нығайтуға, инновациялық жобаларды дамытуға және елдің цифрлық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдарының бірі саналады.
