Қазақстан тарихында алғаш рет әйел әскери қызметші «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлік құрамына қабылданды

Қазақстанда алғаш рет әскери қызметші қыз Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлік құрамына енді. Қымбат есімді жауынгер халықаралық жарыстарда өзінің мергендігімен көзге түсіп, арнайы жасақ сарбаздарының назарына іліккен. Ендігі мақсаты — күрең түсті беретті иелену, — деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы Ұлттық ұланның Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Қымбаттың «Бүркіт» арнайы жасағына келуіне Дубай қаласында өткен SWAT Challenge халықаралық жарысы себеп болған. Ол аталған додада Қазақстан атынан сынға түскен «Томирис» әйелдер командасының құрамында өнер көрсетті.

Жарыстың әйелдер арасындағы санатында қазақстандық спортшылар бірінші орынға ие болды. Ал жалпы командалық есепте 18-орыннан көрініп, бірнеше ерлер командасынан жоғары нәтиже көрсетті.

Дода барысында Қымбат мергендік шеберлігімен ерекшеленді. Оның қарумен жұмыс істеу қабілеті мен кәсіби дайындығына назар аударған «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері оған өз қатарларына қосылуды ұсынған. Спортшы бұл ұсынысты қабылдап, Ұлттық ұланның арнайы бөлімшесі тарихында жауынгерлік құрамға енген алғашқы әйел атанды.

Қымбаттың спорттағы жетістіктері де қомақты. Ол қоян-қолтық ұрыстан Қазақстанның алты дүркін чемпионы. Әлем чемпионаттарында бір күміс және екі қола медаль жеңіп алған. Сонымен қатар Әлем кубогы мен Еуропа және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері атанған. Джиу-джитсудан үш мәрте әлем және Азия чемпионы болса, Еуропа біріншілігінде екі рет топ жарған. ММА спортынан Қазақстан мен Азия чемпионы атағын иеленген. Ал жауынгерлік самбодан ел чемпионы атанып, әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген.

Бұдан бөлек, Дүниежүзілік полиция ойындарында дзюдодан алтын, джиу-джитсудан күміс медаль жеңіп алған. Қымбат — қоян-қолтық ұрыс пен джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сондай-ақ самбо және ММА спорт түрлерінен спорт шебері.

Қазір жауынгер қыздың алдында тағы бір маңызды сынақ тұр. Бұл — күрең беретті алу. Бұл үшін Қымбат дене дайындығы, төзімділік пен рух күшін талап ететін күрделі сынақтардан өтуге тиіс.

Егер ол белгіленген сынақтан сүрінбей өтсе, Ұлттық ұлан тарихында күрең беретін тағуға құқық алған алғашқы әйел атанбақ. Қымбаттың бұл жетістігі отандық әскери қызмет саласындағы әйелдердің мүмкіндігі мен кәсіби әлеуетін айқын көрсетеді. Оның алдағы сынақтан сәтті өтуі — тек жеке жеңісі ғана емес, Ұлттық ұлан тарихындағы айтулы оқиға болмақ.   

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика