Алматыда Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің проректоры Ержан Күлдеев ұсталды. Ол сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы журналист Михайл Казачков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ержан Күлдеев — Политехтің (Сәтбаев университетінің бұрынғы атауы) ең белгілі өкілдерінің бірі. Осыдан 40 жылға жуық уақыт бұрын ол бұл оқу орнына студент болып келіп, кейін сонда жұмыс істеп, сабақ беріп, басқарушылық қызметтер атқарған. Нәтижесінде корпоративтік басқару және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректор лауазымына дейін көтерілді.
Ержан Итеменұлының жеке марапаттары да аз емес — ол әл-Фараби атындағы Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик, Халықаралық инженерлік академияның корреспондент-мүшесі.
Ал 7 қыркүйектен бастап Күлдеев қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылды. Дереккөз мәліметінше, оның іс-әрекеті алдын ала «пара беру» ретінде сараланған. Тергеуді ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізіп жатыр. Айыптауға басқа да баптардың қосылу ықтималдығы бар,-деп жазды дереккөз.
Айтпақшы, 2026 жылдың сәуір айында Ержан Күлдеев ғылым саласындағы үлкен жетістіктері және жоғары білімді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған болатын.
