Үкімет NCOC-тан айыппұл өндіріп алу ісінің тоқтау себебін түсіндірді

ҚР Әділет министрлігі NCOC-тан айыппұл өндіріп алу бойынша атқарушылық істі уақытша тоқтатағанымен алдағы уақытта заңда белгіленген тәртіппен белгіленген айыппұлды өндіріп алу жалғасатынын айтты,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.  

Қашаған кен орнының операторы 2,36 трлн теңгелік атқарушылық өндірістер бойынша борышкер деп танылған. Алайда, NCOC пен мердігер компаниялар айыппұлды және оған негіз болған айыптарды теріске шығарып, оларға шағым түсіруде.

Ведомствоның берген ақпаратынша, қазіргі уақытта NCOC мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне қатысты сотқа шағым түсірген. Осыған байланысты Атырау облысының МАӘС (мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты) атқарушылық өндіріс материалдарын сұратып алған.

Атқарушылық өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 42-бабы 13) тармақшасының талаптарына сәйкес, материалдар сотта болған кезеңде атқарушылық өндіріс оларды сот қайтарғанға дейін тоқтатыла тұрады, — деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Сонымен қатар ведомство, соттың шағымды қарау процесі аяқталған соң, мемлекет пайдасына NCOC-тан ақшалай айыппұл қаражатын өндіріп алу бойынша жұмыс заңда белгіленген тәртіппен жалғасатын болатынын атап өтті.

Айта кетейік, 21 шілдеден бастап «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының мүлкі мен көліктері шектеліп, мүліктік және нотариалдық әрекеттер жасауға тыйым салынған.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика