Ақтауда Sax Invest қаржы пирамидасының басшылары сотталды

Қылмыстық топ ұйымдастырушылары инвестициялық қор ретінде азаматтарға бағалы қағаздарға, қаржы құралдарына және басқа да активтерге инвестиция салуды ұсынған,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Қаржы пирамидасы Ақтауда Sax Invest деген атаумен жұмыс істеген.

Жақында аталған қаржы пирамидасын құрған және оған басшылық еткен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шығарылды.

Ол өз құрбандарына  Африка елдеріндегі алмаз өндіру жөніндегі халықаралық жобаға қатысып жатқанын мәлімдеген. Осылайша 2018–2022 жылдар аралығында қылмыстық схемаға Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларынан мыңнан астам салымшы тартылған. Тартылған қаражаттың жалпы сомасы 9 млрд теңгеден асты.

Тергеу барысында салынған қаражаттың едәуір бөлігі компанияның есепшоттарына емес, ұйымдастырушылардың жеке шоттарына аударылғаны анықталды. Кейіннен бұл қаражат жеке мақсаттарға, оның ішінде құмар ойындарға, пәтерлер сатып алуға, жеке тұрғын үй салуға және өзге де қажеттіліктерге жұмсалған. Сот ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесін кінәлі деп танып, оларды 6 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Мемлекет кірісіне жеке тұрғын үй мен цифрлық активтер тәркіленді. Сонымен қатар, азаматтық талаптарды орындау мәселесі шешілгенге дейін сотталғандардың мүлкіне салынған тыйым сақталды. Оның ішінде екі автокөлік, екі пәтер және жер телімі бар.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Фото: ҚМА баспасөз қызметінен

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика