Ішімдік ішкен Қостанайдың бас имамы қызметінен босатылды

Көкшетаудағы түнгі клубтардың бірінен шығып мас күйінде көлік жүргізіп келе жатып ұсталған Қостанай облысының Бас имамының әрекетіне қатысты Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық порталы. 

Муфтият оның қызметтен босатылғанын хабарлады.

Әлеуметтік желілерде Қостанай облысының имамы Бахытбек Тәжімбеттің 2024 жылдың 23 шілдесінде Ақмола облысының Бурабай кентінде автокөлігін масаң күйде жүргізіп, жол ережесін бұзғаны туралы ақпарат тарады.
Осы оқиғаға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төмендегіні мәлімдейді:
Діни басқарманың қызмет жүйесінде заң нормаларын және дін қызметкері этикасын өрескел бұзатын жеке тұлғалардың діни салада жұмыс істеуіне моральдық тұрғыдан құқығы жоқ. ҚМДБ дін қызметкеріне лайықсыз әрекет жасаған Бахытбек Тәжімбетті Қостанай облысының бас имамы қызметінен босатты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы болған оқиғаны үлкен өкінішпен қабылдап, еліміздегі мұсылман жамағатынан кешірім сұрайды.
Алла Тағала баршамызды жамандық пен өкінішті істерге жетелейтін нәпсі қалауының кесірінен сақтағай, — делінген Муфтияттың Facebook  парақшасында. 
Естеріңізге сала кетейік бұған дейін облыстың Бас имамы ішімдік ішіп көлік жүргізгені үшін әкімішілік жауапкершілікке тартылып 15 тәулікке қамалғанын және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылғаны хабарланған болатын.
Алайда Бас имамның өзі сыра емес қымыз іштім деп жауап берген.