Алматыдағы Қ. Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің студенттері Астанада өткен «3.2.1. СТАРТ!» республикалық экологиялық конкурсының жеңімпаздары атанды, деп хабарлайды Jurtmedia,kz ақпараттық порталы.
Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған «3.2.1. Старт!» жобасы 8 маусымының нәтижесі қорытындыланды. Сәтбаев Университетінің студенттері 7,7 тонна пластик жинап, 1-орынға ие болды, сөйтіп олар шикізатты қайтадан өңдеуге арналған құрал-жабдықты жеңіп алды.
Пластик жинауға университеттің барлық студенттері қатысты – олар қалдық салатын арнайы ыдысты студенттік қалашықтың барлық жерлеріне орнатты, қолданылған пластикті студенттер соған салып жүрді. Жиналған пластикті апта сайын өткізіп отырды. Сондай-ақ университет маңайына жасыл желек отырғызылып, толық көлемдегі 5 сенбілік өткізілді, оған ЖОО-ның 3 мыңнан астам студенттері қатысты.
Студенттердің табандылығының арқасында ғана университет бірінші орынды жеңіп алды, деп есептейді жоба кураторы, Инфрақұрылымды басқару департаментінің бас маманы Ұлпан Тұрғанбаева:
Осы акцияға студенттерді тартып, белсене атсалысқаны үшін Студенттік құрылыс отряды мен Жастар және спорт департаментіне шексіз алғыс айтамыз. Солардың көмегінің арқасында университет қалдықтарды қайта өңдеуге арналған желі құра алады, одан біз гүл вазалары мен жол жиектерін жасауды жоспарлап отырмыз, — дейді Ұ. Тұрғанбаева.
«3.2.1. СТАРТ!» жобасы студенттерді қоршаған ортаны таза ұстауға баулиды, жасыл принциптерді ілгерілету және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу ісіне студент жастарды тарта отырып, пластикті жинау және қайта өңдеу үлгілерін жасайды. Қайта өңделген пластик жаңа өнімге айналады, олардың ең жақсылары «Plastic in Art.» көрмесіне қойылады. Ал үздік командалар мен үздік тәлімгерлер өздеріне лайықты марапатқа ие болды.