Серпіліске бастайтын ашық әңгіме болды

Мемлекет басшысының Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатына орай  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымының докторы, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның құрметті жазушысы   Ұлықпан Сыдықов пікірі білдірді, деп хабарлады Jurtmedia.kz    

Күнтізбелік 2024 Жаңа жылымыздың алғашқы күні Қазақстан халқы үшін есте қаларлықтай ерекше бір тың серпіліс әкелді деуге болады. Оған себеп болған еліміздің бас газеті Egemen Qazaqstan-ның Мемлекет басшысы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен үлкен ғалым, газеттің бас директоры Дихан Қамзабекұлының ауқымы мол, ағыл-тегіл, ашық-жарқын әңгіме-сұхбатын жариялауы еді.

Шынында да ел-жұртты, қарапайым халықты, тұтас қоғамды ойландырып-тоғандырып, тіпті елеңдетіп жүрген мәселелер, сұрақтар баршылық болатын. Бүгінгі күнде қолымыз жеткені қайсы, қайда және қайтып ілгері бара жатырмыз, қандай ауқымды саяси-әлеуметтік өзгерістер жүріп жатыр, екі жыл бұрынғы қасіретті Қаңтар уақиғасы тиісті бағасын алды ма, одан қандай сабақ алдық, ескі биліктің сарқыншақтары әлі етектен тартып келеді ғой, олардан қалай құтыламыз, экономикалық дамуда тың серпілістер бар ма деген сияқты сан алуан, өте өзекті сұрақтар өте қарапайым түрде, нақты жауаптарын алғанын ерекше атап өткеніміз орынды деп білем.

Қалың қауымды ерекше уайымға ұрындырып жүрген үлкен мәселенің бірі несиесін уақтылы өтей алмай, қарызға белшесінен батуы өте күрделі жағдай екені рас. Оның үстіне қымбатшылықтың белең алғаны, тарифтердің өсіп жатқаны, жұмыссыздықтың бүйірден қысқаны өтірік емес. Мемлекет басшысы бұл мәселелерге де егжей-тегжейлі тоқтап, шешу амалдарын іске қосып жатқанын сенімді түрде жариялады. Отын энергетика кешені мен коммуналдық шаруашылықтардағы мүшкіл ақуалдың көп жылдық салғырттықтың салдары екені де ашық айтылды. Бұл ретте де қолға алынған шаралар мен алдағы атқарылар істер нақты түрде баяндалды.

Президентіміздің сұхбат барысында ерекше мән беріп, назар аударған мәселесі – ұлтымыздың болашағы, өсіп-өркендеуі дер едім. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс. «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек» -деді ол. Шынында да дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Мемлекет басшысы ерекше атап өткендей «еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жаңашылдық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар».

Осы қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру басты борышымыз екенін, еліміздегі білім саласының ұстаздары, оқытушылары, профессорлары мен ғалымдары терең сезініп, үлкен жауапкершілікті мойынға алып, абыроймен атқаруға күш-жігерімізді, бүкіл тәжірибемізді жұмсаймыз деп халқымызды сендіреміз.