Балқаш қаласында жылу құбырларындағы апат салдарынан 40-тан астам үй жылусыз қалды, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
«9 желтоқсанда сағат 22.55-те Абай және Әбуғалиев көшелерінің қиылысында диаметрі 630 миллиметр құбырдың жарылуы салдарынан Желтоқсан, Бейбітшілік, Сейфуллин, Абай, Макаренко, Молдағұлова көшелеріндегі тұрғын үйлерде жылу қысымы төмендетілді. Апатқа қаланың жылу желілерінің тозуы себеп болды, бұл көрсеткіш жалпы 75%-ды құрайды. Даладағы ауа температурасы -15°С»,- делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Анықталған фактілерді жою үшін барлық коммуналдық-мемлекеттік мекемелердің, пәтер иелері кооперативтерінің, төтенше жағдайлар ведомстволарының және қала әкімдігі өкілдерінің қатысуымен жедел штаб құрылды.
Әкімдіктің мәліметінше, барлық қалалық коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.
Апатты жоюға 10 техника мен 25 адам жұмылдырылған.
Құбырдағы жылу желілерін жөндеу жұмыстары сәтті аяқталып, құбыр іске қосылды.
«Магистральдық желі іске қосылды, жылумен жабдықтау қалпына келтіріліп жатыр. Үйлердегі құбырларды жылуға қосу жұмыстары жалғасуда. Жүйеде гидросоққы болмас үшін кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады әкімдіктегілер.