Ақтөбе қаласында көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, ғимараттың бір бөлігі опырылды. Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Алдын ала мәліметке сенсек, оқиға Тәуелсіздік көшесі, Алтын Орда ауданы маңында болған. Жарылыс бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы дәмханада тіркелген.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан ғимарат үстінен қою түтін көтерілгенін, сондай-ақ жарылыстан кейінгі зақымданған аумақты көруге болады. Оқиға орнына бірнеше жедел жәрдем көлігі мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмылдырылған.
Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Тәуелсіздік көшесі, 14/1 мекенжайындағы дәмханада газ-ауа қоспасының жарылысы болған. Салдарынан ғимаратқа жапсарлас салынған құрылыс бөлігі опырылып, кейін өрт шыққан. Сонымен қатар тұрғын үйдің терезе конструкцияларына зақым келген.
«Оқиға орнына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жедел жетті. Сағат 10:53-те өрт толық сөндірілді. Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Олар жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді», – делінген ведомство хабарламасында.
Өртті сөндіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің 40-тан астам қызметкері мен арнайы техникасы жұмылдырылған. Оқиға орнында департамент басшысы жүр. Ведомство мәліметінше, оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ. Қазір жарылыстың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
