Астана–Тараз бағытындағы әуе рейсінде күтпеген жағдай болды. 38 жастағы әйелдің жағдайы нашарлаған кезде борттағы Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов оған шұғыл көмек көрсеткен,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық -сараптамалық порталы.
Алдын ала мәліметке сәйкес, ұшу кезінде 38 жастағы Ресей азаматының қан қысымы күрт көтеріліп, жүрегі айнып, әлсіздік пен тыныс алудың қиындауы байқалған.
Бортта өзге медицина қызметкері болмағандықтан, дәрігерлік тәжірибесі бар Манас Рамазанов көмекке келген. Ол жолаушының қан қысымын өлшеп, қажетті медициналық шараларды жүргізген.
Көрсетілген көмектен кейін әйелдің жағдайы тұрақталған. Сонымен қатар вице-министр Тараз әуежайына жедел жәрдем бригадасын шақыртқан. Ұшақ қонған соң жолаушы медицина қызметкерлеріне тапсырылып, оған әрі қарай тиісті көмек көрсетілген.
Айта кетейік, Манас Рамазанов медицина ғылымдарының докторы. Ол ұзақ жылдар бойы хирургия саласында еңбек еткен. 2026 жылғы шілдеде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалған.
