Құрылыс құны өсіп, экономикалық өсімді тежеп отыр

Ұлыбританияда құрылыс материалдарының қымбаттауы, салықтар мен бюрократиялық кедергілер тұрғын үй және инфрақұрылым жобаларының жүзеге асуын баяулатып, ел экономикасының дамуына кері әсерін тигізіп отыр, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Бұған Темза өзені жағасындағы Пёрфлит-на-Темзе қаласын қайта жаңғырту жобасы мысал бола алады. Құны 1 млрд фунт стерлинг болатын жоба осыдан 17 жыл бұрын басталғанымен, жоспарланған 3 мың тұрғын үйдің орнына небәрі 34 үй ғана салынған. Бұған құрылыс компанияларының қажетті инвестиция тарта алмауы себеп болған.

Елдегі құрылыс саласына инфляция, жұмыс күшінің қымбаттауы, салықтар мен құрылыс жүргізуге қойылатын талаптардың көптігі салмақ түсіріп отыр. Үй салушылар федерациясының мәліметінше, 2020 жылдан бері бір тұрғын үйдің құрылыс құны 76 мың фунт стерлингке өскен.

Сонымен қатар 2029 жылға дейін 1,5 млн тұрғын үй салу жөніндегі үкімет жоспарын орындауға қажетті деңгейдің небәрі 58 пайызына ғана құрылысқа рұқсат берілген.

Бұрынғы тұрғын үй құрылысы министрі Гэвин Барвеллдің пікірінше, жоспарлау жүйесін жеңілдетіп, құрылыс компанияларының санын арттыру экономикалық өсімді жеделдетуге мүмкіндік береді. Артық реттеу әсіресе шағын және орта бизнеске кері әсерін тигізіп отыр.

Құрылыс қарқынының баяулауы тұрғын үй тапшылығын күшейтіп, жастардың баспана алуын қиындатып жатқан көрінеді. Сондай-ақ жергілікті билік органдарының мұқтаж азаматтарды уақытша баспанамен қамтамасыз етуге жұмсайтын шығынын арттырған.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика